Алғашқы қоңырау – әрбір мектеп табалдырығын аттағалы отырған жас өркеннің асыға күтетін мерекесі.
1 қыркүйек күні М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектебінде «Мектебім – мейірім мекені» тақырыбында алғашқы қоңырау мерекесі болып өтті. Мерекелік шараны мектеп директоры Сыздықәлі Айнұр Әбдіғапбарқызы ашып, мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерді құттықтап, мектебіміздегі білім саласына қатысты жаңалықтармен бөлісті. 2023-2024 оқу жылының көрсеткіштері бойынша мектебіміз ауданымыздың «Үздік мектеп» қатарына енгенін мақтанышпен айтып өтті.
Мектеп басшысы құттықтау сөзінде өткен оқу жылындағы мектептің жүлдегерлеріне тоқталып, дарынды балалармен жұмыс жүргізу – заман талабы екенін, түрлі сайыстарда алдыңғы қатардан көрініп, ауданымыздың абыройын асқақтатып жүргенін атап айтып, шебер мұғалім Дуйсенова Кенжеайым Тұрсынбайқызын «Ыбырай Алтынсарин төсбелгісін» алуымен құттықтады.
Шара барысында сөз алған ауыл әкімі Әлімжан Қалмұратұлы, аудандық білім бөлімінің әдіскері Кенебаев Әділ, ардагер ұстаздар Сейтқазиев Шертай мен Төленбаев Салман, ата-аналар кеңесінің төрағасы Аймырзаев Хайрулла мектеп ұжымына жаңа жетістіктер мен шығармашылық табыс, мықты денсаулық және сапалы білім мен саналы тәрбиені қатар ұштастыра берулеріне тілек білдірді. Салтанатты шарада алғашқы қоңырау соғу рәсімі Тұран Мағжанұлы мен Ясмина Нұрмағанбетқызына берілді. Білім алушылар ұстаздар қауымына, алтын ұя – мектептеріне арналған әсем әндерді әуелете шырқап, көрермен қауымның көңілін бір серпілтіп тастады. Мерекелік шара бүлдіршіндерге білім әлеміне сәт сапар тілеп, сыныптарына шығарып алумен аяқталды.
Жаңалықтар
