М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектеп
Ресми интернет-ресурс

"Көрісу күні" мерекесіне ерекше әрі мазмұнды іс-шара өтті.

Түркістан облысы Отырар ауданы

"М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектеп" коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 8-сынып оқушылары мен сынып жетекшілерінің ұйымдастыруымен "Көрісу күні" мерекесі ерекше әрі мазмұнды іс-шара өтті. Бұл мерекелік шара ұлттық дәстүрлерді дәріптеп, оқушылардың бір-біріне деген құрметі мен сыйластығын арттыруға бағытталды. Іс-шара барысында оқушылар қазақтың салт-дәстүрін насихаттап, өз қолдарымен түрлі ұлттық тағамдар дайындап әкелді. Таңертең мектепке келген оқушылар мен мұғалімдерді кіре берісте құшақ жая қарсы алып, төс қағыстырып амандасып, ақжарма тілектерін білдірді. Осы арқылы олар үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету дәстүрін тағы бір мәрте дәлелдеді. Сонымен қатар оқушылар домбыра және басқа да ұлттық аспаптарда күй орындап, мерекеге ерекше сән берді. Әсем әуендер мен көтеріңкі көңіл күй мектеп ішін шаттыққа бөледі. Бағдарлама барысында мұғалімдер оқушыларға әр түрлі елдердің туларын көрсетіп, сол елдерде адамдардың қалай амандасатынын айтып, қызықты танымдық тапсырмалар ұйымдастырды. Бұл тапсырмалар оқушылардың дүниетанымын кеңейтіп, олардың білімін арттыруға септігін тигізді. Тапсырмаларды сәтті орындаған оқушылар мен мұғалімдер арнайы дайындалған дастарқанға барып, ұлттық тағамдардан дәм татты. Дастарқан басында ұстаздар өз ризашылықтарын білдіріп, оқушыларға ақ баталарын берді.

Іс-шара соңында мектеп ұжымы 8-сынып жетекшілері мен оқушыларына үлкен алғыстарын білдіріп, осындай тәрбиелік мәні зор шараларды ұйымдастырғандары үшін ризашылықтарын жеткізді. Бұл мереке мектеп өмірінде ерекше әсер қалдырған, бірлік пен достықты нығайтқан, ұлттық құндылықтарды дәріптеген тағылымды әрі есте қаларлық күн болды. Осындай игі дәстүрлер жас ұрпақтың бойына ұлттық рух пен мәдениетті сіңіруге үлкен үлес қосатыны сөзсіз.