«Мектебім, саған мың алғыс!»
«М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мекемесінде 2025 жылдың 23 мамыр күні «Мектебім, саған мың алғыс!» атты мектеп бітірушілердің салтанатты жиыны болып өтті.
Биылғы оқу жылында мектебімізде 73 түлек бітіргелі отыр, оның 7 оқушы – Алтын белгіге, 5 оқушы – Үздік аттестатқа үміткер. Биылғы жас түлектер арасында республикалық олимпиадалар мен байқаулардың жүлдегері бар. Мерекелік шара ҚР-ның Әнұранымен басталып, ҚР-ның Туы ортаға әкелінді. Салтанатты жиын мектеп директоры Сыздықәлі Айнұр Әбдіғапбарқызының құттықтау сөзімен ашылып, Көксарай ауыл әкімі Әлімжан Қалмұратұлы, Отырар аудандық білім бөлімінің әдіскері Рысбай Серғазы, Отырар аудандық қоғамдық кеңесінің мүшесі Әбдірахман Байғозыұлы, Отырар ауданы Әкелер кеңесінің төрағасы Медет Шабданұлы, мектептің ата – аналар комитетінің төрағасы Төленбаев Салман Әбілқайырұлы, ауыл имамы Жүсіп Өмірзақ, ардагер ұстаз Ахметов Абдулла Оқапұлы, Көксарай ауыл қауымдастығының мүшесі Аймурзаев Хайрулла Сейділдаұлы, мектеп бітіргендеріне 10, 20, 30, 40, 50 жыл болған Онжылдықтар тоғысы мүшелері өз кезектерінде мерекемен құттықтады. Республикалық және облыстық байқаулардан жақсы нәтиже көрсеткен ұстаздар мен Отырар АПБ-ның полиция лейтенанты Нұржан Тәлімбетұлы Алғыс хатпен марапатталды.
Білімнің биік шыңына ұмтылып, үздік үлгі көрсеткен «Алтын белгіге» үміткер мектеп түлегі Балтабай Еркежан Қуанышқызы ұстаздарына ізгі тілектерін арнап, мектеп түлектерінің ата-аналары ұл-қыздарына ізгі тілектерін әсем ән арқылы тарту етті. Мектеп түлектерінің алғашқы ұстаздарының атынан Сәрсенбаева Рабиға Заманбекқызына сөз берілді. 11-сынып оқушылары «Бақыт» атты әнге арналған сахналық қойылым көпшілік назарына ұсынылды.
Ұстаз! Осы сөзде қаншама ұлылық жатыр десеңізші! Сөз маржанын терген ақын да, жазушы да, көк күмбезіне самғаған ғарышкер де ұстаз алдында тәлім алатыны сөзсіз. Өз уақытын аямаған, шәкіртінің уақытын аялаған ұстаздары бітіруші түлектерге арнап сазды сәлем жолдады.
Салтанатты мерекенің дәстүрі бойынша Ту мен «Білім шежіресі» кітабын тапсыру 11-сынып оқушылары Сейілқұл Заңғар, Тәжітай Фатима, Шертаева Қасиет мен Тілес Құдиярға берілді.
Соңғы қоңырау соғу құрметіне мектебіміздің үлгілі оқушылары Бәкір Жәнібек пен Ғабит Айшабибі ие болды.
Қоңырау үні - мектеп өміріндегі ұмытылмас сәт. Осыдан он жыл бұрын мектеп табалдырығын аттаған жас түлек сол сыңғырлаған қоңырау үнімен болашаққа аттанды. Сәт сапар саған, жас түлек!