Түркістан облысы, Отырар ауданы, №1 жалпы білім беретін мектепте 23 сәуір күні ұлағатты ұстаз Гүлжаһан Тумырзаеваға арналған “Super Star – 2026” аудандық байқауы жоғары деңгейде, ерекше әсермен ұйымдастырылып өтті. Байқауға 5–8 сынып оқушылары арасынан іріктелген 31 команда қатысып, өзара бақ сынады. Сайыс төрт кезеңнен тұрды: сәлемдесу, өнер көрсету, шетел әдебиетінен сахналық қойылым және сұрақ-жауап, мақал-мәтелдер мен жаңылтпаштар кезеңі. Әр кезең қатысушылардың жан-жақты дайындығын, білімін және шығармашылық қабілетін айқын көрсетті. Барлық мектептер байқауға жоғары деңгейде дайындалып келген. Оқушылар ағылшын тілінде еркін сөйлеп, әртүрлі форматта өз өнерлерін паш етті. Әсіресе сахналық қойылымдар көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, оқушылардың тілдік деңгейі мен актерлік шеберлігін айқын танытты. Соңғы кезеңде қатысушылар мақал-мәтелдерді үш тілде еркін әрі нақышына келтіріп жеткізіп, білімдерінің тереңдігін дәлелдеді. Осы байқауда М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектептің оқушылары да өз өнерлерін лайықты деңгейде көрсете білді. Оларды дайындаған жетекшілер Исаева Мира мен Нұрмаханбет Ұлбосын шәкірттерінің жетістігіне үлкен үлес қосып, сапалы дайындықтың нәтижесін көрсетті.
Сайыс қорытындысы бойынша бас жүлдені Қ.Мұңайтпасов жббм иеленді. І орынды С.Сейфуллин жббм мектебі жеңіп алса, ІІ орын Темір және Ә.Бердібай жббм мектептеріне бұйырды. Ал ІІІ орынды М.Әуезов атындағы жббм, Алтынсарин және №1 жббм мектептері өзара бөлісті. Байқау өте тартысты, мазмұнды әрі әсерлі өтті. Сайыс соңында Төлендиева Қаракөз апайымыз жеңімпаздарды марапаттап, Гүлжаһан Тумырзаеваның ұл қыздарының демеушілігі атынан арнайы дайындалған сыйлықтарды табыстады. Оқушыларды одан әрі ынталандыру мақсатында берілген бұл марапаттар олардың қуанышын еселеп, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, оқушыларды дайындаған жетекшілерге алғыс хаттар берілді. Бұл байқау – оқушылардың білімін шыңдап қана қоймай, олардың шығармашылық қабілетін дамытып, өзіне деген сенімін арттырған, көпшіліктің жадында сақталатын жарқын әрі тағылымы мол шара болды.





