Түлектерден – табиғатқа тарту: «Түлектердің ағаш егуі» экочеленджі
М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектепте 2025 жылдың 20 наурызы мен 21 сәуірі аралығында көктемнің жаңару кезеңінде, табиғатпен үндескен ерекше бір бастама жүзеге асты. Бұл — «TazaLike» салтанатты іс-шарасы аясында ұйымдастырылған «Түлектердің ағаш егуі» экочеленджі.
Іс-шара акцияларды ұйымдастыру Жол картасының 21-тармағына сәйкес өткізілді. Экочеленджге мектептің 11-сынып оқушылары белсене қатысып, қоршаған ортаны қорғау және көгалдандыру жұмыстарына өз үлестерін қосты. Олар мектеп ауласында және жақын маңдағы саябақта 25 түп ағаш отырғызды. Бұл ағаштар — болашақ ұрпаққа қалдырылған жасыл мұра ғана емес, түлектердің туған жерге деген құрметінің белгісі.
Аталған шара барысында оқушылар табиғатқа жанашырлықпен қараудың маңыздылығын түсінді. Олар өз қолдарымен көшет отырғыза жүріп, экологиялық сана мен жауапкершілік жайлы пікірлерімен бөлісті. Сонымен қатар, экочелендж #TazaLike, #ЖасылБолашақ, #Түлек2025 хэштегтері арқылы әлеуметтік желілерде кеңінен насихатталды.