"Таза Қазақстан" акциясы: Табиғатты аялау – ортақ міндетіміз
Түркістан облысы, Отырар ауданы, М. Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектебінде мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы аясында игі істер атқарылды.
Осы акция шеңберінде Отырар орман жануарлар әлемін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Шавхат Хандулаев, Шәуілдір орманшылығының ұжымы және орманшы-басшысы Әбдіжали Сейітжанмен бірлесіп, мектеп аумағында "Табиғат алаңы" жасақталды. Аталған шара барысында 100 түп алма, өрік және туя көшеттері отырғызылды.
Экологиялық бастаманы қолдау мақсатында мектептің биология пәнінің үйірме жетекшілері: Жүсіпәлиева А., Сапарбаева Ж., Сайлау А., Рахимова Г. және үйірме оқушылары белсене атсалысты. Шара барысында көшеттердің сапалы өсуі үшін оларды көктемде топырақ тоңы еріген соң қайта отырғызу және жүйелі күтім жасау туралы Орман шаруашылығы ұжымымен келісім жасалды.
Бұл акцияның негізгі мақсаты — қоршаған ортаны сақтау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатқа деген құрметті арттыру және жас ұрпақты осындай игі істерге тәрбиелеу. Табиғатты аялау – болашақ ұрпақтың аманатына адал болудың айқын үлгісі.
"Таза Қазақстан" – бұл адамзаттың асыл борышы, жастардың ұраны мен ұстанымы. Бұл – ұлт болашағы, ұрпақ тазалығы мен табиғаттың үйлесімділігіне негізделген жауапкершілік. Қоршаған ортаны қорғау – Отанымызды сүю мен құрметтеудің айнасы.
Табиғатты қорғау бағытындағы осындай маңызды бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады. "Таза Қазақстан" – баршамыздың ортақ міндетіміз!