Выберите язык

М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектеп
Официальный интернет-ресурс

«МЕКТЕБІМ, САҒАН МЫҢ АЛҒЫС!»

«МЕКТЕБІМ, САҒАН МЫҢ АЛҒЫС!»

М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектебінде "Мектебім, саған мың алғыс! соңғы қоңырау мерекелік жиыны болып өтті. Мерекелік іс-шараға аудан әкімі Қайрат Жолдыбай, Отырар аудандық білім бөлімінің басшысы Шербаев Құдайберген Қайпбекұлы, білім саласының ардагерлері, ұстаздар, ата-аналар және оқушылар қатысып, мектеп бітіруші түлектерге тілектерін жеткізді.

Салтанатты жиында мектеп табалдырығын алғаш аттаған күннен бастап білім нәрімен сусындап, үлкен өмірге қадам басқалы тұрған түлектерге ерекше құрмет көрсетілді. Алғашқы ұстаздары мен сынып жетекшілері ортаға шақырылып, мектеп қабырғасындағы жарқын сәттер еске алынды.

Мемлекеттік Ту енгізіліп, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалғаннан кейін мектеп директоры А.Сыздықәлі оқу жылының қорытындысы бойынша баяндама жасады.

Жиында аудан әкімі Қайрат Жолдыбай сөз сөйлеп, түлектерді мектеп бітіруімен құттықтап, ел игілігі жолында қызмет ететін білімді де білікті азамат болуға шақырды. Сонымен қатар оқу мен қоғамдық жұмыстарда үздік нәтиже көрсеткен бірқатар ұстаздарға марапаттар табысталды.

Мерекелік жиын барысында түлектер ұстаздары мен ата-аналарына алғыстарын білдіріп, ән шырқап, мектеп вальсін биледі. Сондай-ақ «Білім – ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын шежіре» атты дәстүрлі рәсімде білім шежіресі кітабы 1сыныпты бітірген кішкентай бүлдіргіндерге табысталды.

Іс-шараның ең әсерлі сәттерінің бірі – мектеп туын 10-сынып оқушыларына тапсыру рәсімі мен соңғы қоңыраудың соғылуы болды. Бұл мектеп бітіруші түлектер үшін балалық шақпен қоштасып, жаңа өмірге нық қадам басудың символына айналды.

Салтанатты жиын соңында түлектер ұстаздарымен, сыныптастарымен және туған мектебімен қимай қоштасып, жарқын болашаққа сеніммен жол тартты.