Бүгін М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектебінде «Жаңа заң – жарқын болашақ кепілі» атты тақырыбымен өткен пікірсайысқа қатысып, оқушылардың жаңа Конституцияға қатысты ой-пікірлерін тыңдадым.
Шараның негізгі мақсаты – жастардың азаматтық көзқарасын қалыптастыру, олардың қоғамдық белсенділігін арттыру, отансүйгіштікке тәрбиелеу және білім мен ғылымға деген қызығушылығын дамыту болды. Бұл бағыт қазіргі қоғамда ерекше маңызға ие, себебі ел болашағы – білімді, саналы, белсенді жастардың қолында.
Пікірсайыс барысында оқушылар шілде айында күшіне енетін Ата Заңның ғылым-білім, мәдениет, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары секілді негізгі баптарына қатысты өз ойларын ашық білдіріп, түрлі көзқарастарды талқылады. Олар өз пікірлерін дәлелдермен негіздеп, қоғамдағы маңызды мәселелерге қатысты белсенді позиция танытты.
Мазмұнды өткен жиында арнайы сөз алып Конституцияға жаңадан енгізілген баптардың қоғамдағы рөлін, олардың әділдігі мен ашықтығы елдегі тұрақтылық пен бірліктің негізі екеніне тоқталдым.
Сондай-ақ, ауданымызда жастарды қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды айтып, "AMANAT" партиясы тарапынан білім мен ғылымды дамытуға, жастардың әлеуетін арттыруға ерекше көңіл бөлініп отырғанын, бұл – жас ұрпақтың сапалы білім алып, ел дамуына үлес қосуына үлкен мүмкіндік екенін атап өттім.
Шара соңында белсенділік танытқан оқушыларды алғыс хаттармен марапаттадым. Осындай тағылымы мол бастамалардың алдағы уақытта да жалғасын табуын және мұндай мазмұнды шараларды әрқашан қолдауға дайын екендігімді жеткіздім.
"AMANAT" партиясының Отырар аудандық филиалының және аудандық мәслихаттың төрағасы Ұзақов Уалихан Жамалханұлы





